Нашар көретіндерге арналған нұсқа Тіл: Қазақша Русский 

Басты Мемлекеттік қызмет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сұрақтар ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТТАРЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТТАРЫ

PDF Баспаға жіберу

1. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, азаматтық қорғау қызметкерлері, әскери қызметшілер мен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер (бұдан әрі - қызметкер) үшін құнды және моральдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыт-бағдарлар жүйесін құру арқылы ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік атмосферасына қол жеткізуге бағытталған.

2. Өзінің күнделікті қызметінде ішкі істер органдарының қызметкері:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын ұстануы және оны кезең-кезеңмен қолданысқа енгізуі;

2) заңдылықтың қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауы;

3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуі;

4) қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеуі, өздерінің іс-әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуы, ішкі істер органдарының атына кір келтіретін іс-әрекеттерді жасауға жол бермеуі;

5) мүдделердің жанжалы туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке қызығушылығы туралы, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысқа және сыйлықтар алуға бейімділігі туралы тікелей немесе тура басшысына баяндауы;

6) қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке және (немесе) пайдакүнемдік қызығушылықтарды басшылыққа алмауы;

7) маңызды қызметтік шешім қабылдауға ықпал етуі мүмкін өзара қарым-қатынастардың белгіленген тәртібін бұзатын заңсыз өтініштермен әріптестері мен басшыларына жүгінуден аулақ жүруі;

8) басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға бейімдемеуі және мұндай іс-әрекеттерді көтермелемеуі;

9) әріптестеріне, басшылары мен өзге де лауазымды адамдарға сыйлықтар бермеуі;

10) қызметтік өкілеттіктерді орындаумен байланысты сыйлықтар алмауы;

11) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен басымдықтарды алу мақсатында таратуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдаланбауы;

12) егер жақын туысқандық және отбасылық қарым-қатынастардағы адамдар (әке-шешелері, жұбайылары, аға-інілері, апа-сіңлілері, балалары) тікелей қарамағында немесе бақылауында болса, оларды лауазымға тағайындаудан бас тартуы;

13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды ашуда белсенділік танытуы;

14) сыбайлас жемқорлықтың белгілі болған фактілері, оның ішінде материалдарды тездетіп қарағаны үшін қандай да бір пайда алуға бейімділігі не болмаса әуре-сарсаңға салу туралы басшылыққа дереу баяндауы;

15) орындау үшін алған өкімнің заңдылығына күдіктілігі туралы тура немесе тікелей басшысына дереу жазбаша түрде хабарлауы;

16) егер тікелей басшысының өзі мүдделер жанжалына тартылған болса, жоғары тұрған басшылыққа жүгінуі;

17) жоғары құқықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ұстануы және әріптестерінен талап етуі;

18) туындауы мүмкін мүдделер жанжалының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және олардың салдарларының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдауы;

19) кірістер алумен байланысты кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруда біреуге көмек көрсетуден бас тартуды ұстануы;

20) үшінші адамдардың мүдделерін білдіруден немесе қамқорлық жасаудан, сондай-ақ олардың атынан іс-әрекеттер жасаудан аулақ жүруі;

21) басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласуды жүзеге асырмауы;

22) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, сондай-ақ өзге де мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдаланбауы тиіс.


3. Мемлекеттік қызметтер көрсету, лицензиялық-рұқсат функцияларын іске асыру және халыққа өзге де қызмет көрсету кезінде қызметкерлерге:

1) мемлекеттік қызметтер тұтынушысы ретінде халықтың сұрау салуларын негізге ала отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдау;

2) мемлекеттік қызметтер, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын алуға арыздарды қарау кезінде әуре-сарсаңға салу фактілеріне жол бермеу, оларды белгіленген мерзімдерде беру;

3) мемлекеттік қызметтер, лицензиялар мен рұқсаттар алуға келген арыз иелерімен қызметтік емес қарым-қатынастарға түспеу;

4) құқық бұзушылықтар және (немесе) қылмыстар жасауға бейімделуге әрекеттер жасау туралы басшылыққа баяндау;

5) «бір терезеден беру» қағидасын сақтау, мемлекеттік қызметтер, лицензиялар немесе рұқсат құжаттарын алуға келген арыз иелерімен тікелей байланысты барынша азайту;

6) мемлекеттік қызметтер көрсету, лицензиялар немесе рұқсат құжаттарын алу үшін бекітілген тізбеге кірмейтін қосымша құжаттарды ұсынуды талап етпеу және сұратпау;

7) мемлекеттік қызметтер көрсету туралы қарау үшін қабылданған арыздар туралы, сондай-ақ оларды қарау дәрежесі туралы мәліметтерді автоматтандырылған ақпараттық жүйелеріне (олар болған жағдайда) уақтылы енгізу ұсынылады.


4. Қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік және өзге де бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ жедел-алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру кезінде қызметкерлерге:

1) азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өзін таныстырудан (қызметтік куәлігін көрсете отырып, өзінің лауазымын, атағын және тегін айту) жалтармау;

2) өзі үшін немесе үшінші адам үшін заңсыз материалдық пайда алу мақсатында арандату сипатындағы кедергілер немесе өзге де жағдайлар жасамау;

3) қызметтік міндеттерін орындау және алдын алу іс-шараларын жүргізу кезеңінде техникалық құралдар бар болған жағдайда қоршаған ортадағы жағдайды, азаматтардың іс-әрекеттерін, оның ішінде ІІО қызметкерінің өзінің барлық іс-әрекеттерін аудио-бейнежазбаға жазу, өз қарауы бойынша аудио-бейнежазба құралдарын сөндірмеу, сондай-ақ жазбаны өшірмеу;

4) қызметкерлердің іс-әрекеттері мен талаптары азаматтарға түсінікті болуы үшін қажетті шараларды қабылдау;

5) Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің басқа да нормалары бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтарды қасақана дұрыс сараламау фактілеріне жол бермеу;

6) әкімшілік құқық бұзушылық белгілері табылған жағдайда кез-келген себептер бойынша әкімшілік жауапкершілікті жасыру және оған тартпау фактілерін болдырмау;


5. Сотқа дейінгі тергеулерді және қылмыстарды ашу, тергеу және жолын кесу жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру кезінде қызметкерлерге:

1) сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша оң шешім қабылдағаны үшін, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында пара алуға бейімдеу жағдайлары туралы басшыға дереу хабарлау;

2) сотқа дейінгі тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында белгілі болған мәліметті таратпау;

3) шешіміне мүдделі материалдар бойынша өзін-өзі шеттету туралы тікелей басшысына өтініш жасау;

4) құжаттар мен өзге де дәлелдемелерді жасыруға жол бермеу;

5) адамдарды жауапкершіліктен және сот төрелігінен жалтаруға жол бермеу және ықпал етпеу;

6) адамдардың есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе алкогольдік ішімдіктерді алуына көмек көрсетпеу;

7) жедел-іздестіру қызметін жүргізуге бөлінген бюджеттік қаражатты мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету;

8) жедел-іздестіру іс-шаралары мен сотқа дейінгі тергеулерде дәлелдемелерді бұрмалау фактілеріне жол бермеу ұсынылады.


6. Қылмыстық және әкімшілік жазаларды орындауды ұйымдастыру кезінде қызметкерлерге:

1) жазасын өтеп жатқан адамдардың туған-туыстарымен жеке не болмаса қандай да бір қарым-қатынастарда болмау;

2) қамауда ұстау және бас бостандығынан айыру орындарына тыйым салынған заттарды бергені үшін заңсыз сыйақы алуға бейімдеу жағдайлары туралы тікелей басшылығына хабарлау;

3) қамауда ұстау және бас бостанддығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың пайдалануға тыйым салынған заттарды пайдалану фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ олардың кіру тәсілдерін анықтау;

4) қызметкердің жазасын өтеп жатқан адамдармен қызметтік емес қарым-қатынастары туралы тікелей басшылығына баяндау ұсынылады.


7. Азаматтық қорғауды қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою кезінде қызметкерлерге:

1) жеке не болмаса үшінші адамдардың мүдделеріне сеніп тапсырылған өрт және арнайы техниканы, жабдықтар мен керек-жарақтарды авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізумен байланысты емес жұмыстарға пайдалану фактілеріне жол бермеу;

2) төтенше жағдайдың себептерін анықтау кезінде жеке қызығушылыққа жол бермеу не болмаса оны туындауының объективті себептерін жасыру мақсатында үшінші адамдардың мүдделері үшін әрекет жасамау;

3) авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу кезінде бөтеннің мүлкін ұрлау фактілеріне жол бермеу;

4) жанар-жағармай материалдарының, тауар-материалдық бағалы заттардың жұмсалуына және есептен шығарылуына ұдайы бақылауды жүзеге асыру ұсынылады.


8. Ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін заңды және жеке тұлғаларды тексеруді ұйымдастыру кезінде қызметкерлерге:

1) жеке мүдделеріне және үшінші адамдардың мүдделеріне тексерістерге бастамамашылық жасауға жол бермеу;

2) тексерілетін субъектілердің есебінен тексеріс іс-шараларын алып тастау;

3) тексерілетін субъектілерге заңсыз талаптар қоймау, тексеріске жатпайтын өтініштермен жүгінбеу;

4) тексерісті жүзеге асыру кезінде тексеріске жататын қажетті ақпаратты тексерілетін субъектіге ұсыну;

5) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі 140-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеріс аяқталған күні жүргізілген тексерістің нәтижелері туралы актімен тексерілген субъектіні таныстыру;

6) жеке және (немесе) пайдакүнемдік мүдделерде кәсіпкерлік қызметтің субъектілеріне қолдау көрсетпеу;

7) тексерістерді жүзеге асыру кезінде тексеріліп жатқан кәсіпкерліктің субъектілерінен тексеріске жатпайтын құжаттарды талап етпеу ұсынылады.


9. Қызметкерлерді іріктеу және орналастыру жөніндегі кадр жұмысын ұйымдастыру кезінде басшылар мен қызметкерлерге:

1) меритократия қағидасын басшылыққа алу;

2) жоғары тұрған лауазымға тек ішкі істер органдарының кадрлық резервінде тұрған адамдар қатарынан ғана тағайындау;

3) қызметкерлерді лауазымға тағайындауға арналған материалдарды қараудың белгіленген мерзімдерін сақтау және бақылау;

4) ішкі істер органдарына қызметке қабылдау кезінде ІІО қызметкеріне жүктелетін негізгі міндеттерді, тыйымдарды және шектеулерді түсіндіру;

5) қызметкерлер қызметтік тұрғын үй алуда мүдделерін заңсыз білдіру не болмаса қамқорлық көрсетуге жол бермеу;

6) нақты тұру мәніне тексеріс жүргізу арқылы қызметкерлерге тұрғын үй өтемақысына бөлінген бюджеттік қаражатты мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету ұсынылады.


10. Барлық деңгейдегі басшылар қарамағындағылармен қарым-қатынастарда:

1) рулық, жерлестік және жеке сенімділік белгілері бойынша кадрларды іріктеу және орналастыру жағдайларына жол бермеу, меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ету;

2) қарамағындағы қызметкерлердің міндеттері мен қызметтік өкілеттіктерінің көлемін нақты айқындау;

3) қарамағындағы қызметкерлердің арасындағы еңбек жүктемелерін тең бөлмеуге жол бермеу;

4) қарамағындағыларының қызмет нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділеттілік пен объективтілік таныту;

5) қарамағындағыларға нақты орындалмайтын немесе олардың қызметтік міндеттеріне кірмейтін, сондай-ақ заңнамаға қарама-қайшы келетін өкімдер бермеу;

6) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде қарамағындағыларының қызметіне ықпал ету үшін қызмет бабын пайдаланбау;

7) қарамағындағы қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға мәжбүрлемеу;

8) қарамағындағы және басқа да қызметкерлердің тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеу және жолын кесу;

9) қарамағындағы қызметкер өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында туындайтын мүдделер дауын реттеу бойынша жан-жақты шараларды уақтылы қабылдау;

10) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жан-жақты шаралар қабылдау;

11) қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою;

12) қарамағындағылармен құмар ойындарға қатысудан аулақ жүру;

13) қарамағындағыларды қызметтік емес немесе жеке тапсырмаларды орындау үшін тартуға жол бермеу;

14) өзінің мінсіз жүріс-тұрысымен қарамағындағы қызметкерлерге үлгі көрсету ұсынылады.


11. Басшы оның қарамағындағы қызметкерлердің арасында осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты ұйымдастырады.


 
Система Orphus