Елордалық құтқарушылар Астана күніне орай өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыс өткізді

Баспаға жіберу

Астана күні – тек қана қала тұрғындары үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Әр жыл сайын осы мерекеге барлық өңірлер халқы ерекше дайындалады. Елорда күніне орай көптеген мәдени, қоғамдық және спорттық шаралар өткізіледі.

Осы күндері күшейтілген жүйеде қызмет ететін астаналық құтқарушылар биыл да мерекеге орайластырған шаралардан тыс қалмады. 30 маусымнан бастап 1 шілдеге дейін елордада өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша гарнизондық жарыстар өтті.

Іс-шараның салтанатты ашылуында жарыстардың бас төрешісі «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Серікхан Тұраров Астана күні – елордалық құтқарушылар үшін өте ерекше мереке екенін атап өтті. «Бұл мерекелік күндері ішкі істер қызметкерлерінің иығына үлкен жауапкершілік жүктеледі – біз қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары әрқашан ерліктің, күш-қайрат пен батылдықтың үлгісі болуы керек. Сол себепті спортқа біз қашан да үлкен мән береміз. Аталмыш өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өткізілгелі отырған жарысты біз жас Астанамыздың 18 жылдығына арнаймыз. Құрметті әріптестер, сіздерді мерекемен құттықтаймын және жарыстарға сәттілік тілеймін!»-деп құттықтады С.Тұраров.

Жарыстарға астаналық 11 өрт сөндіру бөлімі қатысты. Нәтижелер қорытындылары бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: І жалпықұрамалық орынды ӨСБ-9 құрамасы алды, ІІ жалпықұрамалық орынды МӨБ-2 құрамасы иеленді, ал ІІІ жалпықұрамалық орынды МӨБ-16 құрамасы алды. Жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ауыспалы кубокпен және сәйкес дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

 

Астана қ. ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы