ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЕЛОРДА ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН

Баспаға жіберу
17.11.2016 05:19

«Біз елорданың қауіпсіздігін қолдаймыз» дәл осындай ұранмен бүгін қазақстандық эстарада жұлдыздары МузАрт тобы, Айқын Төлепберген,  Әли Оқапов, Қайрат Баекенов және RinGo тобы акцияға қатысып, Астана тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

Бейнероликте Әли Оқапов қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды: «Өрт-тілсіз жау. Онымен күресу оңай іс емес. Ал оның құрсауына түскен адам өмірін арашалап қалу –ерлік. Бұл жұмысты күндіз-түні атқарып жүрген құтқарушылардың ескертулеріне құлақ асайық, халайық! Мен сіздерді өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамын!», - деді.

МузАрт тобы өз кезегінде қала тұрғындарына келесідей үндеу жолдады: «Құрметті ағайын, отбасыларыңыз бен жақындарыңызды қауіптен сақтап, мамандардың кеңестеріне бей-жай қарамаңыздар. Өрттің құрбаны болмас үшін – қарапайым сақтық шараларын сақтаңыздар. МузАрт тобы халқымыздың амандығы мен саулығын тілеп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады».

Өз сөзінде Астана қаласы ТЖ департаментінің бастығы Б.О. Дұзақбаев келесідей деді: «Тілсіз жаумен барлығымыз бірге күресуіміз керек! Эстрада жұлдыздарын өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау үшін тартуды біз бұған дейін жоспарлаған едік. Бұл ойымыз қалалық Әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылды. Біздің мақсат – баршамыз өзіміз бен жақындарымыз үшін жауапты екенімізді халыққа жеткізу. Еліміздің әр азаматы өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі және оларды есте сақтауы қажет. Біз халық арасында қауіпсіздік ережелерін насихаттау бойынша ауқымды жұмысты жүргізудеміз және бұл ақпарат халыққа жетеді деген үміттеміз».

Елордалық ТЖ Департаменті бұл бейнероликті республикалық телеарналар және ақпараттық агенттіктерде, сонымен қатар қаланың LED экранында көрсететін болады. Сондай-ақ, халықты ескерту мақсатында бейнеролик Астана қаласы ТЖД-нің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.

Астанада «Улы газдан сақтан!» акциясы аясында қала тұрғындары мен қонақтарын улы газдан уланудың қаупі туралы қауіпсіздік шаралары жалғасуда.

 

Астана қаласы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы