Нашар көретіндерге арналған нұсқа Тіл: Қазақша Русский 

Басты Сегіз қырлы, бір сырлы құтқарушылар

Сегіз қырлы, бір сырлы құтқарушылар

PDF Баспаға жіберу
29.06.2018 15:34

@altaychultukov-9254

2018 жылғы 26 маусымда Оқушылар сарайында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырумен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында елорда аумағындағы мекемелер арасында «Сегіз қырлы, бір сырлы» қалалық тапқырлар сайысы өтті. Іс-шара қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыруға үлес қосу, әр салада қызмет атқаратын мамандарды отансүйгіштікке баулу және олардың интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға ықпал ету мақсатында өткізілді.

Осы аталған іс-шараға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті атынан көздерінде от ойнаған, бойларында күш-қуаты тасыған, жастық жалыны алаулаған  «АЛАУ» тобы қатысты. Топтың мүшелері №9-ӨСБ өрт сөндірушісі азаматтық қорғау кіші сержанты Ильяс Нұрсұлтан, №15-ӨСБ аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Айдарбеков Әбілбек, №2-МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құлахметов Досқали төтенше жағдайлар саласындағы мамандардың намысын қорғады.

Сайыс «Таныстыру», «Асыл сөз», «Жүйрік тіл», «Зерде», «Өнер» атты 5 айналымнан тұрды. Бұл сайысты белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, қаламгерлер мен ғалымдардан, қоғам белсенділері мен танымал жастардан құралған қазылар алқасы бағалады.

«Таныстыру» айналымында топ мүшелері өздерін және мамандықтарын әнмен таныстырды, арнайы дайындалған слайд пен бейнеролик көрсетілді. «Асыл сөз» және «Жүйрік тіл» айналымдарында мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды жаңылмай жатқа айтуларымен ерекшеленді. Сайыстың ең негізгі бөлімі «Зерде» айналымында экранда көрсетілген «Тіл», «Тұлға», «Салт-дәстүр» тақырыптарындағы ұяшықтарды  таңдап, берілген сұрақтарға жауап берді. Топ мүшелері бұл айналымнан да сүрінбей өтті, сұрақтарға толық жауаптарын берді. Соңғы айналымда әр адамның патриоттық рухын көтерер «Мен қазақпын» әнін шырқады.

Адам өміріне араша түсіп, жалындаған тілсіз жаумен күресте өз өмірін құрбан етер өрт сөндірушілеріміз бұл сайыста ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазыналарымызды қастерлейтіндіктерін, өз ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін меңгергендіктерін дәлелдеді.

Қазылар алқасының шешімімен сайыс қорытындысында «Алау» тобы жүлделі 2-орынды иеленіп, дипломмен марапатталды және де бағалы сыйлыққа ие болды.

@altaychultukov-9254 @altaychultukov-9303 @altaychultukov-9462 @altaychultukov-9714

Астана қаласы ТЖД МТжАТ бас маманы Қ.Атақбаева


 
Система Orphus